Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілерді оқытуға қатысты заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер енгізілді

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының  ректоры Ерлан Әбіл  баспасөз мәслихатында хабарлады.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 15-бабы 5-тармағына сәйкес, Академияда мемлекеттік тапсырыс бойынша B+ (GPA 3,33) мәнінен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдар оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жергілікті атқарушы органдарда, мәслихаттар аппараттарында, ревизиялық комиссияларда, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде (астана мен оның аудандарындағы жергілікті атқарушы органдардан, мәслихат аппаратынан, ревизиялық комиссиялардан, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінен басқа) «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және оның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады», – деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар биылдан бастап Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің мемлекеттік грантты жұмыспен өтеу тәртібіне өзгеріс енгізілді.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 10-бабы 15) тармақшасына сәйкес, Академия түлегі-мемлекеттік қызметшінің оны оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыспен өтеу жөніндегі міндеті алынып тасталды. Енді мемлекеттік қызметшіге Академияда оқуын аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте 3 жыл жұмыс істеу/жұмыспен өтеу жеткілікті», – деді ректор.

Сондай-ақ «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 8-бабы 2-тармағына сәйкес, жоғары оқу орындарында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бұрын білім алған мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша Академияға магистратураға немесе докторантураға қайта оқуға түсе алады.