Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында магистратура және докторантураға оқуға құжат қабылдау басталды. Академияда өткен баспасөз мәслихатында ректор Ерлан Әбіл құжаттарды қабылдау 29 маусымға дейін https://admission.apa.kz порталында жүргізілетінін атап өтті.
«2023 жылы оқуға қабылдау 6 магистратура бағдарламасы және күндізгі оқу бөлімінде 3 докторантура бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады және өндірістен қол үзбей оқытылатын 2 модульдік бағдарлама бойынша жүргізіледі. Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға Үкіметтен магистратура бойынша 120 грант, докторантура бойынша 12 грант бөлінген. Академияда ақылы түрде күндізгі бөлімде және модульдік форматта білім алуға мүмкіндік бар. Конкурстық іріктеудің алғашқы кезеңі онлайн форматта өтеді, ал сұхбаттасу кезеңінде үміткерлер Академияға шақырылады», – деді Ерлан Әбіл.
Баспасөз мәслихатында ректор Қабылдау ережесіне енгізілген өзгерістеге тоқталды.
«Халықаралық қатынастар» бағдарламасы бойынша оқу мерзімі 1 жылдан 2 жылға дейін ұзартылды. Докторантура бағдарламалары үшін жұмыс өтілі бойынша талап 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтылды. Егер өткен жылы басшы қол қойған жолдама алдын ала оқуға түсу кезінде, яғни конкурстық іріктеуден кейін тапсыруға мүмкіндік берілген болса, биыл үміткерлер жүйеге қол қойылған жолдаманы 29 маусымды қоса есептегенде құжат қабылдау аяқталғанша тіркеуі керек. Тағы бір айта кетерлік жайт, биылдан бастап модульдік оқыту қағидаты бойынша магистратура мемлекеттік қызметші емес тұлғаларға, яғни квазимемлекеттік және жеке сектор өкілдеріне ғана арналады», – деді ол.
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі